Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық нарықта таныту – жауапты ведомство жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Еліміздің танымалдығын арттыру үшін түрлі ақпарат тарату арналары қолданылады. Олардың қатарында тележобалар, шетелдік басылымдар мен интернет-ресурстардағы жарияланымдар, сондай-ақ цифрлық жарнама науқандары бар. Нәтижесінде ақпараттық қамту көлемі 2,4 млрд қаралымнан асты. 11 халықаралық басылымда 14 мақала жарық көрді. Олардың жалпы қаралымы 50 млн-ды құрады. Бұны ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.
Қазір халықаралық онлайн брондау платформаларымен де ынтымақтастық жалғасуда.
«Атап айтқанда, Қытайдың Qunar платформасымен серіктестік нәтижесінде қонақүйлерге 4 мыңға жуық брондау жасалды. Ctrip платформасымен ынтымақтастық аясында елімізге келген жолаушылар саны шамамен 10 мың болды. Шетелдік туристік компанияларға Қазақстанның мүмкіндіктерін таныстыру үшін 13 ақпараттық тур ұйымдастырылды. Шетелдік туристер санын одан әрі арттыру үшін Қазақстанның көлік қатынасын жақсарту қажет. Қазіргі уақытта 31 елмен 137 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы жолға қойылған», – деді Е.Мырзабосынов.
2026 жылдың тоғыз айында 24 жаңа халықаралық әуе бағыты ашылды. Биыл «ашық аспан» режимі 17 әуежайда қолданылады. Бұл режим әуе еркіндігінің бесінші дәрежесін пайдалануға мүмкіндік береді. Әуежай инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Кендірлі, Зайсан және Катонқарағайда 3 жаңа әуежай салынуда. Арқалық әуежайы қайта іске қосылды, Павлодарда ұшу-қону жолағы жаңартылды.
Шетелдік туристерді тартудың тағы бір жолы – визалық рәсімдерді жеңілдету. Бүгінде 105 елдің азаматтары бір реттік электрондық виза ала алады. 84 елмен виза жүйесі қалыптастырылған.
Қазақстанды халықаралық туристік нарықта танытудың тағы бір құралы – ірі салалық іс-шаралар өткізу. Биыл тамыз айында елімізде екі маңызды іс-шара өтті. Олар – Астанадағы Германияның туристік операторлар қауымдастығының DRV Destination Forum және Алматыда өткен TBEX Asia 2026 халықаралық трэвел-блогерлер конференциясы.
DRV Destination Forum аясында Қазақстанға Германияның туристік бизнесінің 67 өкілі келді. Олардың арасында жетекші туроператорлар мен турагенттер болды. Шетелдік қонақтарға еліміздің негізгі туристік бағыттары бойынша ақпараттық турлар ұйымдастырылды.