Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес 2021 жылғы 1 наурызда Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыру шаралары басталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР ҚК Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы полковник Сәкен Жүсіпов мәлімдеді. Биылғы әскерге шақыру 1 шілдеде аяқталады.

«Осы науқанда 13,5 мыңнан астам 18 бен 27 жас аралығындағы жасөспірім, шақырудан жалтару мен босатуға негіздері жоқ әскер жасындағылар Қазақстан Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарының қатарын толықтырады. Пандемия жағдайында халықпен байланысты азайту, сондай-ақ көктемгі әскерге шақыру барысын автоматтандыру мақсатында SMS-хабарламалар жолданатын болады. Хабарлама жолдау Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 1414 қызметі арқылы жүзеге асырылады»,- деді С.Жүсіпов.

Департамент бастығы COVID-19 таралуын болдырмау мақсатында шақыру пунктерінде санитарлық шаралар қабылданатынын атап өтті. Көктемгі әскерге шақыру барысында әскерге шақырушылар екі рет, яғни әскерге шақыру кезінде жиын пункттерінде және жас толымдардың әскерге қызметтерін атқаруға келгенде ПТР-ға талдама тапсырады. Жаңадан әскерге алынған әскери қызметшілерге екпе жасау қызмет атқарып жатқан әскери бөлімдегі жеке құраммен бірге өткізілетін болады. Коронавирустың алдын-алу бойынша шараларға қатысты мәселе қорғаныс министрінің ұдайы бақылауында.