Елімізде инженерлік білім беру моделі толығымен жаңартылды. ЮНЕСКО тарапынан ұсынылған «Work-based learning» (WBL) әдістемесі арқылы инженерлік университеттер қолданбалы оқыту форматына көшті. Әрбір инженерлік жоғары оқу орнының жанынан арнайы полигондар мен өндірістік орталықтар ашылып жатыр. Бұл туралы ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Мысалы, Атырау мұнай және газ университеті жанынан Энергетика министрлігінің қолдауымен түлектердің тәжірибе өтеуіне арналған тау-кен орындары ұйымдастырылды. Нәтижесінде инженерлік мамандықтар бойынша оқытудың 60%-ы қолданбалы форматқа ауыстырылды.
«Оған қоса, өндірісте жүріп ғылыммен айналысқысы келетін жас мамандарға арналған 3 жылдық қолданбалы докторантура (өндірістік PhD) форматы енгізілді. Бұл бағдарламада дәстүрлі теориялық талаптар жеңілдетіліп, басты назар өндірістегі нақты инновациялық мәселелерді шешуге және зерттеу нәтижелерін енгізуге қойылған», – деді спикер.
Қазірдің өзінде бұл форматқа ірі өндірістік компаниялар тарапынан қызығушылық жоғары болып, екі жылдың ішінде 330 адам осы өндірістік PhD форматында білім алуда.