Қазақстанда жоғары білім беру жүйесін цифрландыру және оқу үдерісіне жасанды интеллект элементтерін толықтай енгізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Еліміз алдағы 3-4 жыл ішінде толыққанды цифрлық ұлтқа айналуды мақсат етіп отыр. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Ведомство басшысының айтуынша, мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламаларының 76%-ға дейінгі бөлігіне жасанды интеллект элементтері енгізіліп, барлық университет бұл бағытқа бірыңғай сапалы форматта көшті.

«QS рейтингтік агенттігімен бірлескен зерттеу нәтижелері жасанды интеллектіні жоғары білім жүйесіне енгізу арқылы жалпы экономикаға 80 млрд долларға дейін қосалқы үлес алуға болатынын көрсетті. Осы мақсатта арнайы «AI Sana» бағдарламасы іске қосылып, былтырдан бері 706 мыңнан астам студент жасанды интеллект курстарынан өтті», – деді спикер.

Сонымен қатар GPA есептеу жүйесі жаңа форматқа көшіріліп, студенттердің академиялық көрсеткіштерімен қатар 35%-ы зерттеу жұмыстарына, ал 15%-ы әлеуметтік белсенділік пен волонтерлыққа берілді. Бұдан бөлек, Coursera платформасы арқылы 600 мыңнан астам студент сертификат алып, онлайн оқытудан өткен.

«Былтырдан бастап білесіздер, жоғары оқу орындарының студенттері міндетті түрде жасанды интеллектіні оқу керек, 706 мыңнан астам студент 100% бакалаврлар, өте жоғары пайызда магистранттар мен докторанттарды қамтамасыз етіп, оқып шықты. Жыл сайын енді 100 мың баланы біз алып, қосалқы оқытамыз, тереңдетілген жасанды интеллект бағдарламаларына қосамыз. Агенттік жасанды интеллект форматында олар оқиды, өз агенттерін жасайды», – деді министр.