Солтүстік Қазақстан облысында пандемияға байланысты қиындықтарға қарамастан, барлық зауыттар тұрақты жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері шығарылған өнім көлемі 5,5%-ға - 236 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Зауыттардың тапсырыстар қоржыны іс жүзінде 2 есеге - 24 млрд теңгеден 44 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл ретте тапсырыстарды ұлғайту бойынша жұмыстар «қолмен» жасалады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Құмар Ақсақалов осыған мысал келтіріп өтті.
«Мысалы, ұзақ келіссөздерден кейін біз «ЗИКСТО» зауыты үшін 46 млрд теңгеге тапсырыс алдық. Бұл кәсіпорынды алдағы 2 жылда толығымен жүктеуге мүмкіндік береді. Өздеріңіз білетіндей, мемлекет басшысы өз Жолдауында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін 5 жылдың ішінде кем дегенде 1,5 есеге арттыру міндетін алға қойған болатын. Ол үшін біз не істеп жатырмыз? Біріншіден, номенклатура кеңейтілуде. Бүгінде біздің зауыттарымыз мұнай-газ, теміржол, құрылыс және басқа да салаларға арналған өнімдерді ғана шығармайды. Осыдан 2 жыл бұрын біз электронды өнеркәсіпті дамытуды мақсат еттік. Адамдардың көбі бұдан түк шықпайды деп ойлады. Бірақ уақыт көрсеткендей, бәрі бекер болмады. Киров атындағы зауытта көпқабатты баспа платалары мен SMD-элементтерін жер бетіне монтаждау бойынша еліміздегі алғашқы өнеркәсіптік желі іске қосылды», - деп атап өтті облыс әкімі.
Оның айтуынша, шетелдік әріптестер зауыт мамандарын оқытуды жалғастыруда. Еліміздің өңірлеріне жеткізілетін 42,5 мың компьютер, ноутбук және планшет шығарылды. Жыл соңына дейін тағы 9 мыңнан астам ноутбук жасалады.
Сонымен қатар, ескі өндірістердің орнына жаңаларын ашу туралы шешім қабылданды. Қараусыз қалған бос ғимараттар қайта құрылуда. Әзірге 100 мың шаршы қолданылмай тұр. Бірақ жөндеу жұмыстары аяқталған жерде - ауыл шаруашылығы техникасын, ламинатталған фанера, полипропиленнен жасалған биг-бэгтер шығару жолға қойылуда.
«ПЗТМ» зауытының бос тұрған орын-жайында ресейлік инвестор термовагондар өндіру жобасын іске асыруда. Қазірдің өзінде 62 вагон жасалды. Жоғары сұранысты ескере отырып, компания қуаттылықты жылына 1 200 вагонға дейін арттырмақ ниетте. Бұдан басқа, бірқатар перспективалы жобалар қолға алынды. Оларды іске асыру инвестициялар көлемінің өсуіне ықпал етеді, олар жыл басынан бері 20%-ға - 202 млрд теңгеге дейін ұлғайды», - деп атап өтті Құмар Ақсақалов.