Қолданыстағы үш жылдық мораторийге қарамастан неге шенеуніктер мен квазимемлекеттік сектор автомобиль сатып алуды жалғастыруда? Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов осындай сұраққа жауап берді.

Оның айтуынша, автокөлік сатып алу фактілерінің көпшілігі Мемлекет басшысының сатып алуға тыйым салатын тапсырмасына дейін болған. Қалған фактілер бойынша тексерулер жүргізілуде. Сондай-ақ, спикр сатып алулардың көбін санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер, мобилизациялық дайындық қызметтері, төтенше жағдайлар жөніндегі аумақтық департаменттер секілді арнайы мемлекеттік органдар өткізгенін жеткізді.

Қаржы министрлігінің өкілі сондай-ақ талдау қорытындысы бойынша сатып алынатын автокөлік бірлігінің орташа бағасы 4,6 млн теңге мөлшерінде белгіленгенін хабарлады. Оның айтуынша, әдетте, бұл «В» орта дәрежелі жеңіл көліктер. Шектеулерге байланысты ағымдағы жылы өткен жылмен салыстырғанда 3 есе аз автокөлік сатып алынды.

«Автокөліктердің басым бөлігі мораторий белгілеу жөніндегі өкіммен белгіленген шектеулер шегінде сатып алынды – қозғалтқыш көлемі 2 см 3 аспауы тиіс, базалық жиынтықтан жоғары емес. Автокөлік елімізде құрастырылған «Азия–авто», «СарыарқаАвтопром», «Hyundai Trans Auto» көліктері болуы тиіс», - деп толықтырды С.Ахметов.

Қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімшесі басшысының ақпараты бойынша, 2019 жылы мемлекеттік сатып алу шеңберінде 4,5 мың бірлік автокөлік сатып алынды. Жеңіл автокөлікке шамамен 15 млрд теңге жұмсалды, қалған сатып алулар коммуналдық қызметтердің қажеттіліктері үшін арнайы көліктер – тракторлар, бульдозерлер, тазарту автокөлік құралдарын сатып алумен байланысты.