Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Қостанай облысында «Менің аулам – менің бағым» ауқымды экологиялық жобасы іске асырылуда. Жоба экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелеуге және балалар мен жастарды туған өлкені көгалдандыру ісіне тартуға бағытталған, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Жоба өңірдегі мектептерді, колледждер мен жоғары оқу орындарын біріктіреді. Алғашқы алаңдардың бірі ретінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған Қостанай қаласындағы №31 мектеп таңдалды.
Бірінші кезеңде бастамаға 100 білім беру ұйымы, оның ішінде 85 мектеп, 12 колледж және 3 жоғары оқу орны қосылады. 2030 жылға дейін Қостанай облысындағы 400-ден астам білім беру ұйымын қамту жоспарланған.
Жоба аясында 1 000 көшет отырғызылып, алғашқы 100 жеміс бағы құрылады. Алдағы уақытта тағы 3 мыңнан астам көшет отырғызу көзделген. Аумақтарды көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына оқушылар, педагогтер және ата-аналар тартылады.
Жобаның басты ерекшелігі - экологиялық тәрбиені тәжірибелік оқытумен ұштастыру. Мектеп бақтары биология мен экологияны оқып-үйренуге, зерттеу жұмыстарын жүргізуге және оқушылардың экологиялық жобаларын жүзеге асыруға арналған алаңға айналады. Балалар өсімдіктерді өздері күтіп-баптап, еңбектерінің нәтижесін бақылауға мүмкіндік алады.
«Менің аулам – менің бағым» жобасы жасыл аймақтарды қалыптастырумен қатар, өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын, жасампаз еңбек мәдениетін және туған жерге деген жанашырлығын арттыруды көздейді.
Дереккөз: www.gov.kz