2024 жылы Қ. Сәтбаев атындағы каналды жаңғырту туралы шешім қабылданды. Оның шеңберінде 2028 жылдың соңына дейін 19 сорғы агрегатын ауыстыру көзделген, деді ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов. Бірінші кезең аясында 2024 жылы «Қазсушар» РМК тарапынан 5 сорғы агрегатын реконструкциялау бойынша 5 жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. 2025 жылы аталған жобаларды іске асыру басталды.
«Бүгінгі таңда барлық 5 сорғы агрегаты орнатылып, іске қосу-баптау жұмысы жүргізілуде. Барлық жобаны аяқтау 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, екінші кезең аясында 2026 жылы тағы 5 сорғы агрегатын реконструкциялау бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмысы басталды. Жобаларды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Үшінші кезең аясында 2026 жылы сорғы агрегаттарын реконструкциялау бойынша тағы 9 жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Аталған жобаларды іске асыру 2027–2028 жылдарға жоспарланған.