Түркістан және Қызылорда облыстарында «Солтүстік Арал теңізі және ирригациялық жүйелерді жаңғырту» жобасын іске асыруды бастау бойынша жұмыс жүргізілуде. 1-кезең аясында 131 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Жоба Үкіметтің Үйлестіру кеңесінің отырысында мақұлданды. Жобаны іске асыру мерзімі – 2027–2030 жылдар.

«Жобаның мақсаты – Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі су ресурстарының көлемін ұлғайту және тұрақтандыру арқылы Арал маңы өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту. Жоба аясында Көкарал бөгетін реконструкциялау, 2,2 мың км каналды қалпына келтіру және 1,4 мың км суару жүйесін автоматтандыру көзделген», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Сонымен бірге, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында тағы 7 жобаны іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Оның ішінде Қарғалы, Дөңгелек және Пятимар су қоймаларын реконструкциялау, сондай-ақ 4 ирригациялық каналды реконструкциялау көзделген.