Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Үкімет отырысында жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев халықтың табысын арттыру үшін цифрлық платформаларды, электронды коммерцияны және жұмыспен қамтудың заманауи құралдарын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Қазірдің өзінде 20-дан астам цифрлық платформа 500 мыңнан астам қазақстандықтың табыс табуына мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарының электронды саудаға қолжетімділігін кеңейту, логистикалық инфрақұрылымды дамыту, халықтың цифрлық дағдыларын жетілдіру және жұмыспен қамту жүйелерімен интеграцияланған қайта даярлау платформасын енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің телеграм арнасы.

«Жұмыс ауыл кәсіпкерлерін қолданыстағы маркетплейстерге қосуға, тапсырыстарды қабылдау және беру пункттері желісін дамытуға, оның ішінде шалғай елді мекендерге жеткізуді ұйымдастыруға, сондай-ақ халықты электронды коммерцияға, цифрлық платформалармен және жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеуге бағытталады», — деп атап өтті министр.