Құс тұмауы індеті салаға, ет пен жұмыртқа қорына, бағаларға қалай әсер етеді? ҚР АШМ ветеринарлық, фитосанитарлық және азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Гүлжан Нұртазина өзекті сұраққа жауап берді.
Оның айтуынша, 64 құс фабрикасының тек екеуінде ғана құс тұмауы мен құс өлімі тіркелген. Олардың жұмыртқа өндірісінің жалпы көлеміне қосқан үлесі шамамен 5% құрайды.
Спикер залалды сандық тұрғыдан қарастыру дұрысырақ екенін атап өтті. Егер Ресей Федерациясында шығын 1,5 млн астам бас құсты құраса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 2,5 есеге аз.
«Біз құс саны туралы айтып отырмыз, жұмыртқа өнімдері есепке алынбайды. Бұл жұмыртқа өнімдеріне қалай әсер етеді деген сұрақ қойылды. Тұрақтандыру қорларының мәліметі бойынша 1 айлық құс шаруашылығы өнімінің қоры бар. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан баға белгілеудің шекті рұқсат етілген көлеміне бақылау жүргізілуде. Сондықтан, бұл тұрғыдан алып қарағанда бізде Ресейдегіден шығын аз», - деді сарапшы.