Еліміздің туризм саласында оң өсім сақталып отыр. Негізгі көрсеткіштер өсіп, туризмнің ел экономикасына қосқан үлесі артып келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында орналастыру орындарында 5 млн-ға жуық адамға қызмет көрсетілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5%-ға көп. Көрсетілген қызмет көлемі 15%-ға өсіп, 173,7 млрд теңгені құрады. Туризм ел экономикасындағы орнын нығайтып келеді. ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір салада 565 мың адам жұмыс істейді. Бұл – Қазақстандағы жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 6%-ы. Туристік қызметтен түскен салық түсімдері 303 млрд теңгеге жетті.

«Саланың жалпы салық түсімдеріндегі үлесі 2,1%-ды құрады. Шетелдік туристер елде 1,4 млрд АҚШ долларын жұмсады. Бұл елімізге келетін туристердің экономикаға қосатын үлесі артып келе жатқанын көрсетеді. Инвестиция саласында да оң өсім бар. Биылғы 9 айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 трлн 319 млрд теңгеге жетті. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 68%-ға жоғары», – деді спикер.

Саланы одан әрі дамыту үшін туристер мен инвесторларды тартумен қатар, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау маңызды. Осыған байланысты биыл кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге және әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған бірқатар заңнамалық және нормативтік өзгеріс қабылданды. Атап айтқанда, туристік автобустар үшін «жасыл дәліз» тетігі енгізілді. Бұл ұйымдасқан туристік топтардың мемлекеттік шекарадан өтуін жеңілдетеді.

Туристік визит-орталықтар мен ақпараттық орталықтардың жұмысына қатысты мәселелер реттелді. Гидтер, экскурсия жетекшілері мен туризм нұсқаушыларының жұмысына қойылатын талаптар жаңартылды. Бұл қызмет түрлері үшін жеке экономикалық қызмет түрлерінің жіктеуіші де енгізілді. 18 жасқа дейінгі балалар үшін ұлттық парктерге кіру тегін болды.