«Ауыл» партиясы ауылшаруашылығындағы мәселелерді шешуге қаншалықты атсалысты деген журналист сұрағына Орталық коммуникациялар қызметінде «Ауыл» ХДПП орталық аппартының жетекшісі Қуаныш Сейтжанов жауап берді.

Спикердің айтуынша, ауылшаруашылығы «Ауыл» партиясының басты назарында. Партия тарапынан 5 жыл ішінде Үкіметке көптеген мәселелер көтеріліп, түрлі сауалдар жолданған. Партияның «Еңбек адамы - ел тірегі» саяси бастамасы аясында қарапайым ауыл еңбеккерінің беделін, абыройын көтеруге бағытталған жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде ауылшаруашылық саласында қарапайым шаруаның тапшылығы байқалған.

«Әсіресе пандемия кезінде блок посттар қойылды. Бұл көктемгі егіс жұмыстарының тоқтап қалу қаупіне әкелді. Сол кезде «Ауыл» партиясы Үкіметке сауал жолдап, мүмкіндігінше блок посттарды ашуға негіз болдық деп айта аламын»,-деді Қ.Сейтжанов.

Сонымен қатар, партия мүшелері көктемгі егіс жұмыстарына қатысты субсидиялар мен қаржыландыру жайлы вебинарлар өткізгенін жеткізді. Партия мүшелері ауылдық жерлердегі медицинаға мониторинг жасап, 200 ден астам партия волонтерлары ауылдарды аралап медицинадағы кемшіліктерді анықтаған.