Денсаулық сақтау министрлігі рецепттер жазып беру және есепке алу қағидаларын жаңадан бекітіп, жаңа қосымшалар енгізді. Құжат 7 қарашадан бастап күшіне енді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл қағида ТЖ, шектеу іс шаралары, оның ішінде карантин кезеңінде рецепттер жазып беру мүмкін болмаған жағдайда электрондық түрде рецепт жазуға, не пациенттің және дәрігердің тегі мен аты-жөнін және электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып, дәрігердің жұмыс орнын көрсете отырып, электрондық түрде тағайындауға жол береді.

«Бұл өткендегідей рецепт уақытылы жазылмай қалды, рецептпен берілетін вирусқа қарсы, антибиотиктер т.б. дәрі дәрмектерді уақытылы ала алмаған жағдайларды болдырмайды. Сонымен қатар, министрлік тарапынан медициналық ұйымдарда КВИ емдеуге арналған рецептілік препараттарды жазып беруге және бөлшек сауда желісінде дәрілік заттарды рецептпен босатуға бақылауды күшейту, дәрігерлердің рецепт бойынша және рецептсіз қабылданатын дәрілік заттарды қабылдауды түсіндіру және бақылау бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту қарастырылып отыр», - деді спикер.

Оның айтуынша, тиісті тапсырмалар өңірлердегі әкімдіктерге және денсаулық сақтау басқармаларына берілді. Аталған шаралар кешені азаматтарды КВИ-дің таралуынан қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Н.Асылбеков дәрі-дәрмектің жеткілікті болатынына сенімін білдірді.