Мемлекет басшысы қол қойған заңға сәйкес, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына нормативтік қаржыландыру тетігі енгізілді. Мәдениет және спорт министрлігімен 8 нормативтік-құқықтық акті қабылданып, Bala ақпараттық жүйесі әзірленуде. 29 сәуірден бастап Bala ақпараттық жүйесіне республиканың барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар қосылды. Ақпараттық жүйеге artsport.edu.kz сілтемесі арқылы кіруге болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов мәлімдеді.