Ұлттық ғылыми кеңестердің қызметі ғылыми салада және әлеуметтік желілерде жиі талқыланады. Олардың шешімдері міндетті сипатқа ие, бірақ кеңес мүшелері дұрыс қабылданбаған үкім үшін жауапты болмайды. Бұл осы жағдайға қатысы бар және көбінесе мамандар шешіміне тәуелді болатындарға ұнамайды. Мәселе жақын арада шешімін таппақ. Қазақстан халқына Жолдауында ғылыми ортаға қолдау көрсету жайлы нақты айтылды. Мемлекет басшысы заңнамаға түзетулер енгізуді тапсырды. Жаңашылдық не береді? Оны ядролық физика институты филиалының директоры, «Энергетика және машина жасау» саласындағы Ұлттық ғылыми кеңестің төрағасы, жас ғалым, пән бойынша әлемде ең көп сілтеме жасалған авторлардың 1% бірі Максим Здоровец түсіндіріп өтті. Ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен сараптамалық брифинг спикерлерінің қатарында болды.