Ақпарат жүйесінің мәліметінше, елімізде «бедеулік» диагнозы қойылған 14 мыңнан астам әйел мен 100-ден аса ер адам бар. Олардың кейбіреулері қосалқы технологияларға мұқтаж. Өткен жылдың 1 қыркүйегінде мемлекет басшысы өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында осы отбасылық-демографиялық жағдайға елеулі алаңдаушылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап ЭКО-ға квотаны 7 есеге ұлғайта отырып, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.