Алматы қаласының полиция департаменті мен прокуратурасының өкілдері Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласында болған оқиғалар бойынша ресми мәлімдеме жасады. Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов 3 қаңтарда еліміздің батысындағы шерулерді қолдау мақсатында қалада заңсыз жиындар өткенін жеткізді. Қаланың әр түкпірінде екі жүзден 2 мыңға дейін азамат жиналған жиындар өткізілді. Бұл ретте осы күні митингіге шыққандар тарапынан өрескел бұзушылықтар тіркелген жоқ. Жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ прокуратура қызметкерлерімен алдын алу түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, бұл күні наразылық білдірушілер тарапынан өрескел заң бұзушылықтар тіркелмеді. 4 қаңтарда «Алматы Арена» мұз сарайының жанына 2 мыңға жуық наразылық білдіруші жиналды. Сондай-ақ, Шығыс айналма жолының маңында бір топ адам заңсыз науқан өткізді. Қаланың басқа бөліктерінде жиналғандар саны 5 мың адамға дейін жетті. Олармен де түсіндіру жұмыстары жүргізілді.