Денсаулығынан айырылған азаматтарға мүгедектік белгіленген кезде, сондай-ақ жәрдемақылар мен техникалық оңалту құралдарын алған кезде төрт түрлі инстанцияға жүгінуге тура келді. Алдымен адам тексеру үшін емханаға жүгінеді, оның нәтижелері бойынша дәрігерлер қажетті медициналық нысанды қағаз форматта толтырады, содан кейін осы қағаз құжаттарымен адам мүгедектікті анықтау үшін медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне барады. Одан кейін жәрдемақы алу үшін ХҚКО-ға, ал ОТҚ ресімдеу және әлеуметтік қызметтер алу үшін әкімдіктерге жүгіну қажет болды. 2021 жылғы ақпанда ҰҚСК отырысында ел Президенті мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанцияларда жүруін, қағазбастылықты болдырмауды, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілердің көрсетілетін қызметті алушылармен байланысын болдырмауды тапсырды. Осы тапсырманы орындау туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов айтып берді.