Әрбір Қазақстан азаматы ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мәнін-мазмұнын, болашақтағы рөлін терең түсінгені жөн. Шартты түрде заң жобасында көзделген өзгерістерді бірнеше бағыттарға бөлуге болады. Ол қоғам мен мемлекетті одан әрі демократияландыру, құқық үстемдігін орнату және саяси жүйені түбегейлі жаңғырту. Құқық үстемдігі саласында ең ірі өзгерістердің бірі – Конституциялық сотты қайта құру. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Конституциялық кеңестің аппарат басшысы, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар жөнінде ұсыныстар дайындау бойынша жұмыс тобының мүшесі Бақыт Нұрмұханов мәлімдеді.