Су ресурстарын басқару, тиімді реттеу және қорғау жөніндегі жүйелі проблемаларды шешу үшін 2024 жылдың шілде айында Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылымында Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылды. Комитеттің негізгі міндеттері – мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері бойынша үйлестіруді қамтамасыз ету, су ресурстарын басқару саласындағы стратегиялық, реттеушілік, іске асыру, бақылау-қадағалау функцияларын орындау. Комитет құрылымында су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу бойынша 8 аумақтық бассейндік су инспекциясы жұмыс істейді. ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов ОКҚ алаңында инспекциялардың қызметі жайында баяндады.