Көпшілік шығармашылық және спорт үйірмелерінің жұмысына қатысты сауалдарды қойды. Министр ARTSPORT бағдарламасы 2023 жылы да жұмысын жалғастыратынын айтты. Сондай-ақ, азаматтар министрге спорт саласындағы жаттықтырушылар мен спорт төрешілердің еңбекақысын көтергені үшін алғыс білдірді.
«Сан ғасырлық тарихы бар, тұғырлы тұлғаның талайына киелі бесік болған көне Тараз шаһарында сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Мәдениетімізді мыңжылдықтарға жалғаған бұл өңір – біз үшін қашанда қастерлі. Осы жылдың сәуір айынан бастап өңірлерде кездесулер өткізіп келеміз. Маңызды мәселелер талқыланып, ұсыныс-тілектерде айтылып жатыр», - деп атап өтті Дәурен Абаев.
Инфрақұрылым мәселелері де талқыланды. Биыл елімізде 114 жаңа нысанның құрылысы, 21 ірі спорт нысандарын қайта жөндеу жұмыстары басталды. Осы бағыт аясында Жамбыл облысында 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Сондай-ақ Дәурен Абаев шетелдік фильмдерді қазақ тіліне дубляждау мәселесіне де тоқталды.
«Біз фильмдерді дубляждау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Сіздер білесіздер, «Аватар» және «Қара пантера: Ваканда жасасын!» фильмдері қазақ тіліне дубляждалды. Ал, жыл соңына дейін «Аватар. Су жолы» аударылып қазақ тіліне дыбысталатын болады. Бұл жұмысты жүзеге асыру үшін жыл сайын 300 дубляж актері еңбек етуде. Бүгінде қазақ тілі дубляждағы екінші түркі тілі ретінде дараланып, Blu-Ray-да көруге болатын Голливуд фильмдерінің негізгі жеті тіліне енді», - деді министр.