Күн жаңалықтары
12.08.2025
Жарияланымдар · 11
Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ұлттық мәртебеге ие болды
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне ұлттық жоғары оқу орны мәртебесі берілді. Бұл шешім оқу орнына академиялық және ғылыми дербестігін кеңейтуге, үздік ғалымдар мен қосымша ресурстар тартуға, халықаралық білім кеңістігіндегі беделін нығайтуға жол ашады. Сондай-ақ жаңа мәртебе аясында инновациялық білім беру бағдарламаларын іске асыруға, заманауи ғылыми зерттеулер жүргізуге және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға кең мүмкіндіктер береді, деп хабарлайды Қарағанды облысының әкімдігі.
Aitu-ды ұлттық мессенджер ретінде бекіту жұмыстары жүргізілуде
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша жиын өткізді. Онда Президент белгілеген негізгі тоғыз бағыт қарастырылды. Олардың қатарында экономиканың нақты секторына, мемлекеттік басқаруға, денсаулық сақтау салаларына ЖИ енгізу, Жасанды интеллект және цифрлық трансформация стратегиясын әзірлеу, мемлекеттік қызметтерді және өтініштермен жұмыс істеу процестерін дамыту, ІТ-архитектураны, QazTech ұлттық платформасын жаңғырту, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, отандық IT стартаптарды қолдау және Smart сity-ді дамыту мәселелері бар, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Биыл 77 жоба жүзеге асып, 300 мың қазақстандық газбен қамтылмақ
Газдандыру – ауылдағы өмір сапасын арттырып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың маңызды тетігі. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірлерде белсенді жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық жастар күніне арналған Jastar Fest форумына қатысушыларға үндеу жолдады
1 қыркүйек қарсаңында кемінде 500 мың баланы әлеуметтік қолдау үшін 83 мектеп ашу жоспарланып отыр
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы мәселе қаралды. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында айтылған «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын еліміздің барлық білім беру мекемесіне енгізу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға ерекше назар аударылуда, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Мемлекет басшысы Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының (WT) президенті Чунгвон Чоуды қабылдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Чунгвон Чоудың сапары Қазақстанның спорт қауымдастығы үшін маңызды оқиға саналатынын атап өтті. Сондай-ақ бұл Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының елімізде аталған спорт түрінің дамуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдіреді.
Биыл колледж бен ЖОО студенттеріне арналған 29 жатақхана салу жоспарланған
Мемлекет басшысының студенттерді баспанамен қамту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде 2025 жылы 10 439 орындық 29 жатақхананы іске қосу жоспарланған. Олардың ішінде ЖОО студенттеріне 20 жатақхана, колледж студенттеріне 9 жатақхана арналған, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.
Жұмысшы мамандықтар жылы: колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы серіктестікті нығайтуға баса назар аударылады
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында Мемлекет басшысының жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру жөніндегі тапсырмалары шеңберінде шаралар кешенін жүзеге асыру туралы баяндады. Ол биыл жұмысшы мамандықтарын дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Осы бағыттарды таңдаған барлық студенттер колледждерде тегін оқиды, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.
340 мыңнан астам бала жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа барады
Қазіргі уақытта елімізде 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді. 1 қыркүйекте 4,1 млн оқушы, оның ішінде 341 мың бірінші сынып оқушылары мен 232 мың 11-сынып түлектері мектеп табалдырығын аттайды, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.
Ваучерлік қаржыландыруды енгізу арқылы 7,7 млрд теңге үнемделді
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіліп келеді. Бұл механизм қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырады, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру саласында ашықтықты қамтамасыз етеді. Бүгінде жоба еліміздің 20 қаласында және 7 ауданында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
2025 жылдың 7 айында Қазақстанның ЖІӨ өсімі 6,3% болды
Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,3%-ға өскен. Тауар өндіру көлемі 8,3%-ға, қызметтер 5,2%-ға (бұл ретте ең қарқынды сегмент көлік пен сауда болып отыр), өнеркәсіп 6,9%-ға артты, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігі.