Білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмыстары қоғам мен мемлекеттің өркениет көшіне сай дамуына жол ашатын ұлттың жаңа келбетін құрайтын адами капиталды қалыптастыруға бағытталған. Бұл жұмыста құндылықтар жүйесінің маңызы ерекше. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «нақты құндылықтарымыз болмаса, даму жолында тың серпіліс жасауымыз және көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбыл» деп атап өтіп, жалпы ұлттық құндылықтар жүйесін құрайтын идеялық негіздерді тарқатып берді. Осы идеялық негіздер басшылыққа ала отырып, білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдері жаңартылатын болады. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ОКҚ алаңында мәлімдеді.