Биыл қыркүйек айынан бастап жергілікті атқарушы орган әкімдері орынбасарларының басшылық етуімен 195 қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиясы азаматтарды күзгі мерзімді әскери қызметке шақыруға кірісті. Желтоқсан айының 30-на дейін Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негізі жоқ, 18-ден 27 жасқа дейінгі 22 мыңға жуық ер азамат толықтырады. Бұл туралы ҚР Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.