Қазақстанда 323 шақырым жылу желісін қайта жаңарту және күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда 293 шақырымда жұмыс аяқталды. Сондай-ақ 2025 жылы 47 орталықтандырылған қазандықты жөндеу көзделіп, оның 38-де жұмыстар толық аяқталды. Бұл жұмыстар жылыту маусымын кестеге сәйкес бастауға және халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жайында ҚР ЭМ Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.