«Өте қысқа уақыт ішінде отандық білім беру интернет-платформалары пайда болды. Бұл қуанышты жағдай»,- деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ОКҚ баспасөз орталығында.
Министрдің пікірінше, қандай да бір ақпараттық жүйелерді әзірлеу жөніндегі жұмысты уәкілетті мемлекеттік органдарға қарағанда бизнес өкілдері анағұрлым тиімді орындайды.
«Бүгін біз бизнес өкілдері жұмысының нәтижелерін, " Daryn.online", "BilimLаnd", "Күнделік" немесе "Opiq"сынды бағдарламаларды пайдалану арқылы көріп отырмыз. Біздің міндетіміз олар үшін бірдей жағдай жасау», - деді Білім және ғылым министрі.
Министр атап өткендей, стримингті ұйымдастыру, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін оқу материалдарының қолжетімділігін қамтамасыз ету, білім беру платформаларын қазақстандық серверлерге ауыстыру, балалар мен педагогтар үшін білім беру платформаларын пайдаланудың ыңғайлылығын жасау бойынша көптеген ұсыныстар келіп түсті.
А.Аймағамбетовтың айтуынша, қазіргі уақытта отандық бағдарламашылар білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттау кезінде "Академиялық адалдық принциптерін" орындау және оқыту сапасын мониторингілеудің қосымша жүйесін қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеуде.